Құқық қорғау органдары жеке мәліметтерді ешкімге бермеулерін ескертеді
Түркістан облысында өзгелердің атына 300 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген банк қызметкері мен оның сыбайласы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдын ала мәлімет бойынша Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданған. Әйелдің айтуынша, өзге біреу оның атынан 3,5 миллион теңгеден аса қарыз алған. Жедел іздестіру шарасы аясында күдікті 1 күн ішінде ұсталып, оның сол ауылда тұратын жұмыссыз жас қыз екені анықталды. Ең сорақысы, 100-ден астам танысын тақырға отырғызған бойжеткеннің ісіне банк қызметкерінің де қатысы бар болып шықты.
«2 тұлғаға қатысты күдікпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеп тексеру барысында қылмыстық іс аясында іске қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді облыстық ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы Бақытжан Сыдықов.
Анықталғандай, алаяқ қыз ауылдастарын «Мемлекет тарапынан әр балаңызға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек алуға құжаттар жинап беремін» деп алдаған. Сол себепті құқық қорғау органдары жеке мәліметтерді ешкімге бермеуді ескертеді.