Жамбыл облысында дизель толы резервуар өртенді

30.10.2021 00:46

Ауыл ішінде орналасқан газ өңдеу зауытынан шыққан өртті құтқарушылар дер кезінде ауыздықтады

Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Онсыз да дизель тапшы кезде Жамбыл облысында көлемі 480 текше метрлік екі дизель резервуарының сығымдау блогы жанып, өзге қоймаларға өрттің таралуына шақ қалды. Абырой болғанда, Жамбыл ауданындағы ауыл ішінде орналасқан газ өңдеу зауытынан шыққан өртті құтқарушылар дер кезінде ауыздықтап, қатердің бетін қайтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аса ауылының тұрғындары осылайша үрейлі. Себебі ауыл ішінде орналасқан «Амангелді газ өңдеу зауытының» аумағында өрт шығып, аудан орталығына қауіп төндірді. Қызыл жалын сағат 12.00 шамасында өршіген. Шошынған ауыл халқы жарылыс бола ма деп, ауылдан аулақ қашқанын айтады.

«Бәріміз қорқып, бала шағамызды алып, басқа көшеге қарай қаштық. Білмеймін, мұндай нысанның бәрі қашықта орналасуы керек қой. Бұлай болмайды», – деді Аса ауылының тұрғыны Мақсат Қалқұлов.

«Бәріміз үрейдеміз. Қайталанып жатқаны бірінші емес, былтыр да жарылған. Қашанғы халық үрейде өмір сүруі керек. Себебі күндіз де, түнде де тыныштық жоқ, иісі де қатты шығады», – дейді тағы бір тұрғын Мәмбет Зүгірбеков.

Тілсіз жаумен өрт сөндірушілер 1 сағат бойы апарпалысты. Абырой болғанда, өрт дер кезінде ауыздықталды. Әкімдік зардап шеккендер жоқ деп отыр. Өртті сөндіруге 21 техника мен 75 адам жұмылдырылды. Оттың неден тұтанғаны белгісіз. Келген шығын есептеліп жатыр.

«Жалпы, обьектіге тексеру жұмыстары 16 наурызда техникалық тексеру жүргізіліп 6 өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу деректері анықталған. Сол үшін 47 750 теңге айыппұл салынған. Өрттің негізгі себебі: технологиялық процесті бұзу салдарынан болып отыр», – деді Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мақсат Әкімбаев.

Қазір өртеніп жатқан аумақ қоршалған. Кәсіпорын қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылды. Мамандар қауіптің беті қайтқанын айтса, тұрғындар зауытты көшіруді талап етуде.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан