Марқұмның артында әйелі мен 5 баласы қалды
Тілсіз жау Абай облысына да қауіп төндірген шақта қызметтік борышын орындап жүрген өрт сөндіруші опат болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызыл жалын тұтанған сәтте оқиға орнына аттанған 36 жастағы Айдос Тоғызбаев алған жарақатынан ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында әйелі мен 5 баласы қалды. Қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін 3-дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды.
Айта кетсек, Абай облысының бірқатар ауданында дала өрті өршіп, шарпыған аумағы 5 мың гектарға жеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, тілсіз жаумен күреске 324 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Павлодар қаласынан көмекке қосымша күштер жолға шықты.