Елордадағы фитнес-клубтарда ақша ұрлаумен айналысқан шетелдік бойжеткеннің кім екені анықталды

30.06.2020 00:15

Күдікті осыған дейін де осы тектес қылмыстар үшін жауапқа тартылған екен

rgmedia.kz

Нұр-Сұлтандағы фитнес-клубтарда ақша ұрлаумен айналысқан шетелдік бойжеткеннің кім екені анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күдікті 20 жастағы Ресей азаматшасы болып шыққан. Қазір оның бірнеше ұрлыққа қатысы бар жоғы тексеріліп жатыр. Күдікті осыған дейін де осы тектес қылмыстар үшін жауапқа тартылған екен. Қазір азаматшаға қатысты қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Екі азаматша полицияға шешінетін жерден ақша жоғалғаны туралы арыз жазды. Бірінші жағдайда шешінетін бөлмедегі сөренің құлпын бұзып, 32 мың теңгені ұрласа, екінші жағдайда кассадан 16 мың теңгені ұрлап кеткен. Бұған дейін күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алғашқы тексеру барысында криминалдық полиция қызметкерлері куәгерлердің айтуынша, күдіктінің портретін жасады. Ондағы белгілерге сәйкес 20 жасар азаматша анықталды», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шауленова