Үкіммен келіспеген тарап апелляцияға жүгінбек
Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Байзақ ауданында екі жыл бұрын болған апатқа отан алдындағы борышын өтеп жүрген қос сарбаз кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Байзақтағы жарылыс бойынша сот үкімі Шымкенттегі әскери гарнизон сотында оқылды. Оны тыңдауға 250 жәбірленушінің біреуі де келген жоқ. Тек сотталушылардың туыстары жиналды. Атышулы істе 6 адамға айып тағылған еді. Оның төртеуі офицер болса, екеуі – қатардағы жауынгер.
– Тұранов Ерполат Ержанович ҚР ҚК 202-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Әшірбай Әсет Асылұлы ҚР ҚК 202 бабы 1-бөлігіне 1-тармақта көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жаза тағайындалсын, – деді қалалық әскери гарнизон сотының судьясы Бөрлібай Каипов.
Сот 18 адамның өлімімен аяқталған жарылысқа екі сарбазды кінәлі деп тапты. Ал жұмысына салғырт қарады деген офицерлердің екеуі ақталып, екеуінің жазаға тарту мерзімі ескірген. Бірақ бұл шешіммен не сотталушылар, не олардың туыстары келіскен жоқ.
– Алпыс адамның ішінен кінәсіз екі жас жігіт қыршын болып тұр. Нағыз кінәлінің біреуі қамалған жоқ. Балаларды жұмысқа алып барған командирлер бар емес пе? Төрт адам қашып жүр. Балаларды жөндеу жұмысына сол адамдар апарған. Ғимаратты жөндеп, айналасындағы шөбін жұлған. Екі ортада осы екі бала ұсталып тұр ғой, – деді сотталушының туысы Еркін Мұратов.
Адвокат та келтірілген дәлелдердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оқ-дәрі тұрған қоймаға жанып тұрған матаны лақтырды деп айыпталған қос жігіт мұны жасамағанына сенімді.
Айта кетейік, сот сотталған сарбаздар бұл әрекетті офицерге ерегісіп жасағанын жеткізген еді.
– Қылмыстық кодекстің талабына сай адамда сол қылмысты жасауға итермелейтін пиғыл, ниет болуы керек. Әскери қызметінің аяқталуына бір-ақ ай қалған әскери қызметкерге оның не қажеті бар? – деді қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Әміре Сағадат.
Үкіммен келіспеген тарап апелляцияға жүгінбек.
Ұлағат Арғын, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Елорда әуежайында пара бермек болған күдікті ұсталды