Қаладағы 7600-ден астам ғимараттың 85 пайызы қирап, жарамсыз боп қалған
Апта басында Арыс қаласынан амалсыз безіп кеткен бұқара бүгін үйлеріне орала бастады. Қоныстануға қолайлы баспанасы барларды билік алдағы бірнеше күнде бүтіндей жайғастырып, баспанасы қираған халықты да қараусыз қалдырмайтындарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңғы тірлігіне кіріскен тұрғындардың тыныштығын бұзған жарылыстан соң Арыс қаласы әп-сәтте аласапыранға ұласты. Сары далаға үдере көшкен елдің қашудан басқа амалы қалмады. Қоймадан көтерілген снарядтар көше мен үйлерге кезек-кезек түсіп жатса, шошынған ел қапырықта қауғадай жапырылып, иен далаға безді.
«Таң атпай орын алған жарылыстан Халыққа қызмет көрсету орталығына келген тұрғындардың ішінде талып қалғандары болды, мамандарымыз оларға су сеуіп есін жиғызды. Халық құжаттарына қарамай, жан-жаққа қашты, тіпті әр қызметкер өз отбасының қамын ойлап, қайғырып кетті», – дейді нотариус Сұлтанғали КӨКЕНОВ.
Жаюлы базары жиылмай, қайнаған асы құйылмай, қазаны қараусыз, мал-дүниесі иесіз қалып, бетімен безген елді көшіру түске қарай бір-ақ басталды.
Бүгінде жарылыс зардабынан қаңырап қалған ғимараттар, терезесі мен шатыры сынған үйлер өте көп. Соңғы санақ бойынша, Арыстағы 7600-ден астам ғимараттың 85 пайызы қирап, жарамсыз боп қалған. Атап айтсақ, снаряд түскен бірнеше дүкен түгелдей өртеніп кеткен. Күлге айналған сауда үйіне қанша жарылғыш зат түскені белгісіз. Жапсарласа салынған тұрғын үйлердің де сау-тамтығы қалмаған.
Аласапыранға түскен ел көз жазып қалған жақындарын тек тәулік өткен соң ғана тапты. Қаладағы 45 мың халықтың 13 мыңы арнайы қоныстану орындарына жайғасты, жан шақырды. Етегі жасқа толып, еңіреген елдің есін жиғызуға жан-жақты жұмыс жасалды. Апат үш адамның жанын алып, жүздеген жанды жарақаттады. Ауруханаға 74 адам жатса, сан түрлі шағыммен шұғыл орталыққа 15 мыңнан аса шағым түсіпті.
«Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай салдарын жоюға қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және де Шымкент қаласынан көмекке келгені бар, барлығы 363 қызметкер мен 49 техника жұмылдырылды. Қазір Арыс қаласында төтенше жағдайлар қызметі мен 45 өрт ошағы сөндірілді. Оның ішінде 21 тұрғын үй, 9 шаруашылық құрылысы және 19 дала өрті бар. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы 7 ауданға және Шымкент қаласына 3566 адам орналастырылған болатын», – дейді Түркістан облыстық ТЖД басшысы Нұрғали ЖҮНІСОВ.
Басқа түскен қайғыны қайтсек қайтарамыз деп күллі ел еңіреп жатқанда, бос жатқан қаланы тонауға кіріскен келеңсіздіктер де кездесті. Бұл мыңдаған әскердің қалаға кіріп, әр бұрыш, көшені күзетуіне түрткі болды.
«Үйде бұзауларым бар, тауықтарым бар. Немелерім қоян асыраған. 3-4 күннен бері сол жануарлар өлетін болды ғой», – дейді бір тұрғын.
Ал келесі бір тұрғын болса стадион аумағындағы «Арнұр» дүкенінің үлкен сейфінен 4,5 миллион теңге ұрланғанын айтып зар илеуде.
«Балаларды лагерьге жіберу керек. Соған құжат қажет. Күнде келем, өткізбейді» – дейді қария немересін ойлап.
Үкімет, облыс, аудан мен қолында құзыры бар органдардың басшылары сәт сайын жиын өткізіп, жоспар құрды. Тапсырмалар берді.
Қалаға жапсарласа орналасқан әскери бөлімнің аумағы 2700 гектарды құраса, онда 89 оқ-дәрі қоймасы бар екен. Ал, сақталған соғыс қарулары 150 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Жарылыстан соң снарядтардың 70%-ы жойылғаны жарияланды. Қаланы төрт күн тоқтаусыз тінткен 400-ден аса сапер көшеден 6000-ға жуық снаряд жинап алған.
«Үйді қалпына келтіру жұмыстары көп ұзамай басталады. Мемлекет басшысы мен Премьер-министр тікелей тапсырып, бақылап отыр. Бір айдың ішінде біз қаланы түгел қалпына келтіруіміз керек», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.
Аяқ астынан болған апат бір жағы талай үйді ойрандап кетсе, екінші жағынан бүкіл қазақтың қайғыда жұдырықтай жұмыла кететінін көрсетті. Ел-жұрт түгел жан-жақтан арыстықтарға қолдау көрсетті. Сондай-ақ осы арқылы қалың бұқара тыныштықтың қаншалықты қымбат екенін сезінді.
Жер-жерден жіберілген материалдық көмек күн сайын ағылып жатыр. Арнайы ашылған қорға тек қарапайым халықтың өзінен 721 миллион теңге түскен. Бұл қаржы комиссияның шешімімен бүлінген үйлерді бүтіндеуге беріледі.
Осылайша, төрт күн түзде түнеген арыстық ағайын бүгін таң ата қоныстарына қайта ағылды. Көбінің көңілінде қуанышпен қатар қобалжу да бар. Төбеден тағы да снаряд түспей ме деген үрейдің болуы заңды.
Ал, бұл қайғылы жағдайдың келтірген шығынын есептеу тұрғындар тұрақталған соң жүргізіледі. 17 секторға бөлінген Арысты аз уақытта жаңартамыз деген жергілікті билікке өңірлер де көмекке келеді.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы