Шымкентте тағы 2 адамның мәйіті табылды

10.03.2023 00:35

Биыл жылыту маусымы басталғалы бері қалада 1211 адам газдан уланған

taulik.kz

Шымкентте наурыз айында 4 адам газдан уланып, көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

6 наурыз күні қайғылы жағдайдан 2 адам көз жұмса, араға күн салып тағы 2 адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына тексеріс жүргізген мамандар үйдегі газ құрылғысының дұрыс орнатылмағанын анықтапты. Жалпы мегаполисте жылыту маусымында 1000-нан астам адам улы газдан зардап шеккен.

Достық шағын ауданындағы тұрғын үйде 2 күн бұрын 2 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, 1963 және 1964 жылы туған қала тұрғындары газдан уланып қайтыс болған. Оқыс оқиға орнына жеткен жедел топ газбен жылытылатын су жылытқыш құрылғыда ақау бар екенін анықтады.

«Екі азамат пен азаматша моншаға түсіп жатып, көз жұмды. Бөлме ішінде көгілдір отын мен қамтамасыз етілген су жылытқыш қазандығының уы сыртқа тарап шығатын құбыр  бекітілмеген. Екеуінің ортасы 5 саниметрге дейін ашық қалған. Салдарынан екі адам қайтыс болып отыр», – деді «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы басшысының бірінші орынбасары Ерғали Айбек.

Ал бұдан бірнеше күн бұрын 13 жастағы жасөспірім мен 1975 жылы туған ер адам улы иістен қайтыс болған еді. Екі жағдайда да арнайы бригада газ монтаждау құрылығысының дұрыс орнатылмағанын айтқан болатын. Қазір бұл үйлер көгілдір отыннан ажыратылды. Нақты себебі анықталып жатыр.

«Әр үй иесі еңбек қауіпсіздігін сақтамағандықтан, салдарынан осындай жағдай орын алып отыр. Сонымен қатар бұл ішкі жүйені қадағалау, бәсекелестік рынокта жеке кәсіпкерлер бұл жұмысты атқарады. Үй иелері жеке кәсіпкермен ішкі газ жүйені тексеру үшін келісімшартқа отыруы тиіс. Жылына 2 рет, қысқы маусым алдында және аяқталған уақытта тексеріліп отыруы керек», – деді Ерғали Айбек.

Биыл жылыту маусымы басталғалы бері қалада 1211 адам газдан уланып, 20 тұрғын көз жұмған. Қаза болғандардың ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар. Мамандар газ орнатарда заң бұзылса, азаматтарға айыппұл салынатынын ескертті.

Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан