Апатты үйден алыс жүр: үй қабырғасының бөлшегі құлап, басынан жарақат алды

17.11.2023 20:07

Сәтпаев қаласының тұрғыны еңбекке жарамсыз болып қалды

Almaty.tv

Сәтпаев қаласында 5 қабатты үй қабырғасының бөлшегі  құлап, көшеге шыққан үй тұрғыны басынан жарақат алды деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әйел қазір уақытша еңбекке жарамсыз. Ол үйінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы зардап шеккен келіншек арнамызға берген сұхбатында айтты. Ұлытау облысының тұрғыны осыдан бірнеше күн бұрын дүкенге нан алуға шыққан. Алайда, күтпеген жерден ескірген тұрғын үйдің қабырғасы үгітіліп түсіп, бір бөлігі басына құлаған. Ауыр жарақат алған әйел бірден ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

– Мен 2 түрлі жарақат алдым. Дәрігер басымның бірнеше жерден жарылғанын айтты. Жараның көлемі 10 және 4 сантиметр. Үйде ем қабылдап, төсек тартып жатқаныма үшінші тәулік болды. Емханаға барып, еңбекке жарамсыз деген анықтама аштырамын. Өйткені жарақатыма байланысты ұзақ уақыт жұмыс істей алмаймын, - дейді зардап шеккен әйел Светлана Головко.

Қазір оқыс жағдай болған аумақ қоршауға алынды. Тұрғын үйге  қарайтын коммуналдық кәсіпорынның қызметіне қатысты тиісті сарапта тағайындалды. Алдағы уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріледі. Айта кетейік, Сәтбаев қаласында 251 ескі үй тіркелген. Ал 19 тұрғын ғимарат апатты деп танылған.

– Оқиғадан кейін зардап шеккен тұрғын полицияға хабарласпады. Біз коммуналдық қызмет көрсету ұйымының жауапты мамандарымен жиналыс өткіздік. Мұндай жағдайда қолданылатын заңды шара туралы айттық. Өйткені үй тұрғындары пайдаланып отырған қызметтің барлық төлемдерін жасайды, - дейді тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жадыра Сейітова.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында вагондар рельстен шығып кетті