Олардың айтуынша, осыдан 7 ай бұрын інісін достары өлімші етіп сабап тастаған
«Іс әділ қаралсын». Атыраулық Самат Жексемәлиевтің туыстары төбелес кезінде мүгедек болып қалған інісінің ісіне қатысты әділдік іздеп, бүгін облыстық прокуратураның алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі.
Саламат Жексемәлиевтің туыстары әділдік іздейді. Олардың айтуынша, осыдан 7 ай бұрын інісін достары өлімші етіп сабап тастаған. Соның салдарынан 43 жастағы апталдай азамат екінші топ мүгедегі болып қалған. Оқиғадан кейін ет жақындары құзырлы органға шағым түсірген. «Алайда іс жабылып қалғанға ұқсайды, өйткені бірде-бір сот отырысына да, тергеуге де қатыспадық» дейді жәбірленушінің туыстары.
– Жеті ай болды, іс тергеліп жатқан жоқ. Біз сотқа да, тергеуге де қатыспадық. Нұрболат деген тергеушіден сұрадық, видео, бәрін жібердік. Ол сараптама жүріп жатқанын айтты. Әлі жауап жоқ. Соққыға жыққандар тиісті жазасын алсын, – дейді жәбірленушінің туысы Нұргүл Жексемәлиева.
Ал облыстық прокуратура өкілдері бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтады. Тек жәбірленушінің денсаулығы тергеу жүргізуге кедергі келтіріп тұрған көрінеді.
– Тергеу тоқтатылған жоқ. Қазіргі таңда жәбірленушінің жағдайы тергеу әрекетін жүргізуге кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан арнайы бір маманның қорытындысы керек. Тиісті әрекет жүріп жатыр, – деді Атырау облыстық прокуратурасы басқармасының бастығы Шыңғыс Нәсіпқали.
Шыр-пыр болған Саламат Жексемәлиевтің туыстары соңына дейін күресетінін айтты. Керек болса Жоғарғы сотқа дейін барамыз деп бекініп отыр.
Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Павлодарда жетім қызды жабылып зорлағандар сотталды