Оның 12-сі бала
Жамбыл облысында төтенше жағдай. Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының бойында 100 ден астам көлік кептеліп, жүк көліктерінің жүруіне мүмкіндік болмай қалды. Себеп – соққан ақтүтек боранның магистральді жауып тастауы. Кесірінен жеңіл автокөліктер соқтығысып, халық түн ортасына дейін жолда қалуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл таулы Жуалы ауданындағы демалыс күндері орын алған оқиға. Жылда қыста қауіп төндіретін жағдай биыл бірінші қар жауа салысымен қайталанып отыр. Жолдың әр бөлігінде көліктер соқтығысып жарамсыз жағдайға жеткендері бар. Қақтығыстың ауқымдысы Нұрлыкент ауылы маңында орын алған. Онда 6 автомашина жолдың көрінбеуінен соқтығысып, кейін қар құрсауында қалып қойған. Осылайша Жамбыл мен Түркістан облыстарының арасында жол қатынасы түбегейлі үзілді.
«Қазіргі таңда Жамбыл облысының тас жолына жолға шықпауыңызды сұранамыз. Себебі тас жолында боран тұрып, қар көшкіні мен жол кептелістері орын алып жатыр. Сол себептен жолға шықпауыңызды сұраймыз», – деді Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев.
Төтенше жағдай мамандары қар құрсауынан 51 адамды құтқарды, оның 12-сі бала. Сонымен қатар, жүруге жарамсыз 21 көлік жолдың тазартылған бөліктеріне шығарылған. Адам шығыны жоқ. Ал, бұл Күйік асуының Таразға түсер тұсындағы картина. Жіпке тізілген жүздеген жүк көліктерін жол полициясы күштеп ұстап тұр. Себебі асудың арғы жағында жол жоқ. Барған адам қайта алмайтын хәлге жеткен.
Боран болып, ақ қарға көмілген негізгі магистраль түн ауа жүруге жарап қалды. Арнайы техника екі бағыттағы жолды күреп тазартып жатыр. Дегенмен «бұл мәселенің шешімі емес дейді мамандар. Күні ертең қар түссе, қайта сол қалыпқа келуі мүмкін» дейді. Айта кетерлік дерек, былтыр да аталған жол торабында 300-ге жуық көлік 1 тәуліктен аса қар құрсауында қалып қойған еді.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесха,н «Алматы» арнасы, Жамбыл облысы