Астанада баспалдақтан оқушы құлаған мектеп директоры қызметінен босатылды. Бүгін таңертең ғана білім ордасының басшысы болып сұхбат берген маман түстен кейін жұмыссыз қалды. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық істің қозғалғанын бұған дейін бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да мәлімдеген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2-сынып оқушысы баспалдақтың қапталынан төменге қарай құлап түскен. Жантүршігерік жағдай болған кезде темір тор орнатылмаған. Мектеп директоры оқиға болғаннан кейін, ғимараттағы бүкіл баспалдаққа осындай қоршауды дәнекерлеп тастаған. Төбеден бірінші қабаттағы баспалдаққа екі бүктеліп басымен құлаған баланы мектептің оқушылары байқайды. Содан кейін үлкендерді көмекке шақырған. Ал оның барлығы бірінші қабаттағы бейнебақылау камерасына түскен.
Бала жерге құлап түскеннен кейін, орнынан тұруға тырысады. Мектеп директорының айтуынша, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетілген. Оқиға 18 қыркүйекте сағат 17:00-де болған. Баланың әкесі «ұлымның басы бес жерден сынған» дейді.
– Жағдайы ауыр, таңертең екі, түсте екі дәріден тамызып жатыр. Көзі 50 пайыз көрмейді. Бала мүгедек болып қалды, – деді жәбірленушінің әкесі Бекжан Қожанқұлов.
Қазір 2-сынып оқушысы анасымен бірге № 2 ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа ауыр, есін біледі. Ота жасалмайды, осы аптаның соңында немесе келесі жұмада үйде емделуге шығарылмақ.
– Бала аурухана түскелі есін біледі, шошынып қалған. Екі күн қарқынды терапия бөлімі қаралады. Әзірге ота жасаудың қажеті жоқ, – деді қалалық №2 ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Қизатуллин.
Осы оқиғадан кейін мектеп директоры жұмыстан босатылды. Мұндай ақпаратты бүгін түстен кейін білім басқармасы таратты. Білім ордасының экс-басшысы директор болып келгеніне 8 ай ғана болған. Оқу жылы басталарда төтеншеліктер келіп, қауіпсіздікті тексеріп кетіпті.
– Баспалдақта таяныш орнатылған. Бірақ арасында темір тор болмаған. Мектеп ғимараты 1974 жылы салынған. Салынғанына елу жыл болған. Жобалық сметасында терезе қапталына темір тор орнату қарастырылмаған. Жүйелі түрде төтеншеліктер тексеріс жүргізеді, ескерту айтылмады, – деді қалалық №14 мектеп-гимназиясының экс-директоры Дидар Байтасов.
Полицейлердің айтуынша, балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеті тиісінше орындамау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Сондай-ақ «баланы баспалдақтан қатарластары итеріп жіберуі мүмкін» деген ақпарат та тексеріліп жатыр.
Баспалдақтан құлаған баланың әкесі «ұлым үшінші қабаттан құлады» десе, мектеп директоры оқиға екінші қабатта болған деп сендірді. Қай тараптың нұсқасы шындыққа жанасатыны полицейдің тексеруінен кейін анықталады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Шұрық-тесік жол қажытты: Төле би тұрғындарының мәселесі қашан шешіледі