Қаршадай қыздың 2 күн бұрын Күш ауылында жоғалып кеткен
Алматы облысында жоғалып кеткен 3 жастағы қызды 300 адам әлі іздестіріп жатыр. Кинологтар мен тікұшақтан басқа, Еңбекшіқазақ ауданында арнайы іздеу тобы құрылып, қосымша әскери қосын тігілген. Із-түзсіз кеткен бүлдіршінді табуға жергілікті тұрғындар да атсалысуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
17 наурызда із-түзсіз жоғалған 3 жасар қызды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Аймақ тоғай болғандықтан құтқару қызметінің жұмысын одан сайын күрделендіріпті. Ал іздеу арнайы қорғалған аңшылық аймақта болғандықтан, бекеттен ары өткізбеді. Олардың айтуынша, қоршаудың арғы жағында құпия тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бекеттен таңнан бері түрлі техника мен құтқару қызметінің мамандарын байқадық. Бірақ ешкім ашылып тіс жармайды, бәрінің жүрісі суыт. Қарапайым құтқару жұмыстарына ұқсамайды, әскери қызметкерлердің тағы екі қосыны бүгін тігілген. Тікұшақтан түсірілген кадрлардан іздестіру жұмыстарының қаншалықты қиын әрі ауқымды екенін аңғаруға болады.
– Еңбекшіқазақ ауданы Безымянное көлі жанындағы Қарашеңгел учаскесінде 3 жастағы қыз Балгашаева Аия Софияның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Осыған сәйкес іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД, Полиция департаменті, № 6654 әскери бөлім, Ұлттық ұлан сарбаздары, республикалық жедел әрекет ету жасағы, еріктілер жұмылдырылды. Жалпы саны 300 ге жуық адам мен 66 техника қосымша бір тікұшақ іздестіруде, – деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ерсін Жағыпаров.
Қорғалған аймақты қатаң күзетте. Тек жекеменшік көліктердің тұрғылықты құжатын тексеріп кіргізді. Бірақ түсірілім жұмысы барысында тағы бір әскери адам толы көлікті байқадық. Ал бекетегі қызметкерлердің айтуынша, іздестіруге қатысты ақпарды жариялауға тыйым салған. Қазір полиция тек іздестіру амалдарының қарқынды жүріп жатқаны жайлы ақпар берді. Ал қызды өлтіруі мүмкін деген сыбысқа қатысты еш мәлімдеме жасалған жоқ.
– 17 наурызда сағат 21:00-де Еңбекшіқазақ ауданы полициясына 40 жастағы аудан тұрғыны сағат 16:00 шамасында 3 жастағы қыздың үйден шығып, қайта оралмағаны жөнінде айтты. Айтылған дерек аудандық полицияға тіркелді. Ізін суытпай, арнайы іздеу тобы құрылды. Департаменттің 150, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 50 қызметкері, 10 атпен іздеу тобы және 25 кинолог іздеу шарасына белсенді қатысуда, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Айта кетейік, қаршадай қыздың осыдан 2 күн бұрын Күш ауылында жоғалып кеткені айтылған. Содан бері іздеу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Шығынға баттық: Жамбыл облысында пияз еккен шаруалар өнімін қоқысқа тастауға мәжбүр