Маңғыстау облысында ауа райы күрт бұзылды
Ақтауда магистральдық құбыр жарылып, салдарынан қаладағы 16 шағынаудан мен балабақшалар жылусыз, ыстық сусыз қалды. Күні кеше жарылған құбыр 40 жылдан бері жөндеу көрмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылу жүйесін қалыпқа келтіру үшін жедел штаб құрылып, мамандар түн ішінде 9 метрлік құбырды ауыстырған. Қара суықта бүрсең қаққан тұрғындар магистральдық желілердің әбден тозғанын айтып шағымданды.
– Қанша күннен бері үйімізде жылу жоқ, балалар тоңғанынан ауырып жатыр. Қайта-қайта құбыр жарылады. Жаз бойы жауаптылар не бітірген? – деді қала тұрғыны Әсия Қаналиева.
Биіліктегілердің сөзіне сенсек, апат болған магистральдық желі 40 жылдан бері ауыстырылмаған. Оған қоса, шаһардағы жылу құбырларының 72 пайызы ескірген. Ал коммуналдық қызмет мамандары тозығы жеткен желілердің жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдамайтынын айтып отыр.
– Бұл магистральдық құбыр болғандықтан, гидравликалық соққының алдын алу үшін және оның жарылмауы үшін құбырды біртіндеп толтырып жатырмыз. Толық толтырып болған соң, жылу қысымын көтереміз. Содан кейін қызмет көрсетуші компаниялар өз тарапынан жылу түйінін ашып, құбырдағы ауаны қалыпқа келтіруі тиіс. Содан кейін тұрғын үйлер мен нысандарға жылу беріле бастайды, – деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК басшысының орынбасары Ислям Үсенов.
Десе де, жылудың қашан берілетіні нақты айтылған жоқ. Бір анығы, апатты жағдайдан кейін балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал Маңғыстау облысында ауа райы күрт бұзылды. Көктайғақ, бұрқасын. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге жетті. Барлық мектеп пен колледж оқушылары онлайн оқуға көшті.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Президент жылусыз қалған бірнеше өңір басшынан есеп алды