Мереке күндері оқыс оқиғалар саны артқан

04.01.2024 01:24

Алматыда «102» пультіне 2 мыңнан аса қоңырау түскен

Almaty.tv

Соңғы 3 тәулікте елімізде оқыс оқиғалар саны артты. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Жаңа жыл түнінде 90-нан астам өрт болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңажылдық демалыс күндері қауіпсіздікті қорыған құзырлы органдарға жүгінгендер көп. Мысалы, кешенің өзінде ел бойынша 80-нен астам өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметі 95 рет іздестіру жұмысына шыққан. Ал құтқарылған 357 адамның 40-қа жуығы бала. Оқыс оқиғаға тап болғандардың кейбірі сапарға шығып, қар құрсауында қалып қойған. Дерекке сүйенсек, өткен аптадағы төтенше жағдайдың шамамен 90 пайызы техногендік сипатқа ие.

– Апаттардан 441 адам құтқарылды. Оның ішінде 71 бала бар. 1540 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 169-ы - бала. Өткен аптамен салыстырғанда шақыртулар 2 пайызға, ал адамдарды қауіпсіз жерге көшіру 21 пайызға көбейген, – деді ҚР ТЖМ Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының кезекші бөлімі Жанат Әбілов.

Өрт сөндірушілермен қатар, соңғы 3 тәулікте полицейлерге де кірпік қақпай жұмыс істеді. Алматыда «102» пультіне 2 мыңнан аса қоңырау түскен. Үш күнде 44 қылмыс тіркелген. Тәртіп сақшылары мерекеде 38 қылмыстың бетін ашып, 500-ден аса құқықбұзушылықты анықтаған.

Мереке күндері Алматының 3 мыңнан астам полиция қызметкері қаладағы тәртіпті қамтамасыз етті. Патрульдік полиция жасақтарының саны ұлғайтылды, жаяу патрульдік маршруттар әзірленді, тәртіпті қорғауға Ұлттық ұланның 300 әскері тартылды. Азаматтар көп жиналатын нысандар, мерекелік және ойын-сауық іс-шаралары өтетін орындар ерекше бақылауға алынды, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мереке күндері Алматыда жедел жәрдемге 9 мыңға жуық адам жүгінген. Медицина мамандарының айтуынша, ауруханаға отшашудан жарақат алған, денесін күйік шалған 13 адам жеткізілген. Олар дене қызуы мен жөтелге шағымданған.

Айта кетейік, полицейлер мен өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері Рождествоға байланысты 6-8 қаңтарда күшейтілген  режимде қызметін жалғастырады.

Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңажылдық демалыс күндері қанша адам жедел жәрдем қызметін шақыртқан