Алматыда мониторинг топ еріктілердің көмегімен карантин талабын бұзған кәсіпкерлік нысандарды анықтады

20.04.2021 01:30

Алмалы ауданының тексеруші тобы әуелі Желтоқсан көшесінің бойында тығылып жұмыс істеген мекеменің жұмысын әшкереледі

Алматыда күндіз де, түнде де күшейтілген рейд жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде Алмалы аудандық мониторинг тобы еріктілердің көмегімен келушілерге жасырын қызмет көрсеткен 2 кәсіпкерлік нысанның үстінен түсті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітеді.

Алмалы ауданының тексеруші тобы әуелі Желтоқсан көшесінің бойында тығылып жұмыс істегенмекеменің жұмысын әшкереледі. Іштегі қызметкерлер басында есікті ашқысы келмеп еді. Алайда бәрі бекер екенін білген соң өздері ашпасқа амалы қалмады. Анықталғандай караоке орталығында 20 ға жуық адам болған. Алайда келушілердің арасында кінәсін мойындағысы келмейтіндер де болды.  

Мұндай мекемелер бас санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес мүлде жұмыс жасауға тыйым салынған болатын. Алайда мұндағылар оны естімеген де сияқты. Амалы қалмаған мамандар кәсіпкерлік нысанның иесіне хаттама толтыруға мәжбүр болды.

«Біз ерікті ретінде күн сайын мониторингтік топтармен бірге жүреміз. Мұндағы басты мақсатымыз қандай жағдай болмасын әділ болуын және сыбайлас жемқорлықты болдырмауды қадағалаймыз. Сондықтан да тексерістік топтардан қалмауға тырысамыз», – деді ерікті Сәулет Минуарбек.

Караоке мекемесінің жанында орналасқан бар орталығы да адамға лық толы. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қорды да байқауға болады. Кейін тексерушілер бұл мекемеге де хаттама толтырып, барлық келуші мен қызметкерді полиция бөлімшесіне алып кетті.

«Қазіргі таңда Алмалы ауданы бойынша 4 мониторнигтік топ жұмыс жасап жатыр. Күндіз екеу, түнде екеу. Сондықтан қала тұрғындарынан үйде отыруды өтініп, туыстарымыздың жағдайын ойлайық дегім келеді. Күшейтілген рейд жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді», – деді Алмалы аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы  Ерден Бейсенбаев.

Статистикаға сүйенетін болсақ Алмалы ауданының мониторингтік тобы 15-18 сәуір аралығында 182 кәсіпкерлік нысанды тексерген. Нәтижесінде 11 кәсіпкер мен 41 келушіге карантин ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы