Елордалық өрт сөндірушілер өртке оранған пәтерден әйел мен төрт баласын құтқарды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Газдан уланған бір отбасының бес мүшесі ауруханаға жеткізілді. Қазір тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.
«Кеше 9:58 минут кеткенде Нұр-Сұлтан қаласының 101 қызметіне Құдайбердіұлы көшесінде өрт болып жатқаны жайлы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минуттың ішінде жетіп, 9 қабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтерді сөндіруге кіріскен. Біз келгенде пәтер жиһаздары өртеніп жатты. Өрттің жалпы ауданы 8 шаршы метрді қамтыды», – дейді Нұр-сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Аягөз ФАЗЫЛОВА.
Алаулаған жалынды ауыздықтауға 7 техника және 26 құтқарушы жұмылдырылған. Алдын ала болжам бойынша, өртке балалардың отпен ойнағаны себеп болуы мүмкін дейді мамандар.