Су айдынынан 3 мың киллограмнан астам өлі балықты жиналды
Батыс Қазақстан облысында мөңке балықтардың жаппай қырылуының алдын-ала себебі айтылды. ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері балықтардың жаппай қырылуы ауа жетіспеушілігінен болуы мүмкін дейді.
Естеріңізе салсақ, 5 сәуірде БҚО Қазталов ауданы, Қазталов ауылындағы Қарасу тоғанында балықтар қырылды деген ақпарат тараған болатын. Жергілікті тұрғындар ұзындығы бес шақырым, тереңдігі 45 сантиметрді құрайтын тоғанда жансыз балықтардың су бетіне шығып жатқанын бейнежазбаға түсірген еді. Оқиға орнына жеткен мамандар су айдынын зерттеп, 3 мың киллограмнан астам балықты жинап, сынамалар алған. Енді балықтың нақты қырылу себебін лаборатория нәтижесі анықтамақ.
«Қазіргі таңда балықтың қырылу себебінің бірі – ауаның жетеспеуі деп отырмыз. Неге десеңіз, қыс уақытында осы тоғанда 1300 шұңқыр қазылып, аэроция жұмыстары жүргізілген болатын. Бұндай оқиға 2017 жылдың күзінде де дәл осы жерде орын алған еді», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.