Көлік өртену оқиғасы жиілеп кетті

04.02.2021 02:18

Көбінесе газбен жүретін көліктердің өртену қауіпі жоғары

Жалпы Алматыда көліктердің өртену оқиғалары көбейіп барады. Әсіресе, жол үстінде, техниканың кенеттен отқа орануы мамандарды қатты алаңдатып отыр. Көбінесе газбен жүретін көліктердің өртену қауіпі жоғары, дейді сарапшылар. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз не істеу керек? Тақырыпты талдаған Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғастырсын.

Соңғы кездері газбен жүретін көліктер Алматы ғана емес, еліміз бойынша көбейген. Яғни, нарық біртіндеп көгілдір отынға көшіп жатыр. Экологияға жаны ашығаннан емес, аз ақшамен көп жүруге мүмкіндік бар. Себебі бензиннен 50 пайызға арзан. Бірақ қауіптілігі көп. Өйткені, газ құрылғысын орнатуда кейбір талаптар сақталмайды. Мәселен, бұл 23 қаңтарда Алмалы ауданыда болған оқиға. Түнгі мезгілде көлік тұрағындағы машина жанып, 5 минуттың ішінде тек қаңқасы ғана қалыпты. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.  

«Басты себеп – көліктегі сымдардың қысқа тұйықталуынан болған. Негізгі сымдар тозып, салдарынан өрт тұтанған. Одан бөлек, көліктің техникалық байқауының мерзімі өтіп кеткен. Көп жағдайда көлік жүргізушлері техникалық тексеруді кейінге қалдырып жатады. Алайда бұл маңызды», – деді Алмалы аудандық ТЖБ инженері Руслан Қасенов.

Алмалы ауданының мамандары осы орайда қоғамдық көлік жүргізушілеріне өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Өйткені автобус қала тұрғындары үшін негізгі транспорт. Жұрттың басым бөлігі жұмысқа, үйіне көліктің осы түрімен қатынайды. Сол үшін онда қауіпсіздік сақталуы керек және қажетті құрал жабдықтардың болуы аса маңызды дейді.

«Бізде 600-ден астам вольт тоқ бар, контакт желісінде. Сондықтан троллейбуста 2 өрт сөндіргіш болады. Біріншісі УК-5. 10 мың вольтқа дейін, екіншісі ОП-5. Ол мың вольтқа дейін», – деді троллейбус паркінің  инженері Тельман Төлебаев.

Сондай-ақ, мамандар жол бойында қандай да бір қиындық туған жағдайда не істеу керек екенін түсіндіріп берді.

Оқиға болған жерден:

– Егер машина ішінде келе жатып, капоттан қандай да бір түтінді байқасаңыз, көлікті тоқтатып, двигетельді өшіруіңіз керек, көлік қақпағы қызып тұрады сондықтан оны ағашпен көтеріп ашасыз. Содан соң мынандай өрт сөндіру құрылғысымен сөндіресіз. Ол болмаған жағдайда далада жатқан қар немесе құм шашуыңыз керек.

Айта кетейік, былтыр қала бойынша 104 көліктің өртену дерегі тіркелген. Оның 53-і сымдардың қысқа тұйықталуынан болса, қалғаны түрлі жағдайлармен байланысты. Мамандар көліктегі қауіпсіздік ережелерге аса мән беруді сұрайды. Себебі көлік құрылғылары тез жанғыш келетіндіктен, адам өміріне аса қауіпті.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» арнасы