Қаладағы сел қауіпі жоғары деп саналатын аймақтарда оқу-жаттығу жұмыстары өтті
Алматыда су тасқыны қаупі жоқ. Төтеншеліктердің айтуынша, биыл қаладағы қар көлемі 23 %-ға нормадан төмен түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін шаһардың әр ауданында республикалық «Көктем-2020» атты командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары өтті. Алдын алу жұмыстары, әсіресе, Наурызбай, Алатау аудандарында орналасқан «Қарғалы» өзенінде күшейтілді. Арнайы жасақталған топ өзенді қоқыс қалдықтары мен қатқан мұздан тазартты.
Бүгін төтеншеліктер қаладағы сел қауіпі жоғары деп саналатын аймақтарда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуді жұмыла бастап кетті. Республика бойынша өтіп жатқан көктемгі дайындық Алматының әр ауданында күшейтілген. Жауаптылар биыл қалада сел жүру қаупі жоқ деп отыр. Оған қар көлемінің нормадан аз түсуі себеп. Тіпті, алдағы уақытта су тасқыны болғанның өзінде, келер қауіпке сақадай саймыз дейді төтеншеліктер.
«Жалпы Алматы қаласы бойынша 6500 адам, 1370 техника, 142 арнайы мотопомпа, 102 электрогенераторлар және де 13 мың қап, 70 мың тонна инерттік заттар осы кезеңге дайындап отырмыз. Алматы қаласында биылға су тасқыны қаупі жоқ деп айтамыз», – дейді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.
Бүгін арнайы құрылған штабтық топ Наурызбай ауданында орналасқан «Қарғалы» өзенін тазартып, таудан келетін су жолының көзін ашты. Мұнда 130-дай адам мен 16 техника жұмылдырылған.
Жаттығу аясында өзендер мен каналдар қардан, мұздан және қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарды. Шараға Ұлттық гвардия өкілдері, азаматтық қорғау қызметкерлері мен төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері тартылған.
«Тамыз айында былтыр су көтерілді мына жерде. Ағаштар ағып келді, тастар мысалы үшін. Былтыр қазан айында тазалады. Енді қазір тағы тазалап жатыр. Енді қорқудың ешқандай себеп-салдары жоқ деп ойлаймын мен енді», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Қуаныш ӘМРЕНОВ.
Сондай-ақ, өзен жағасына өсіп кеткен жабайы ағаштар мен бұталар да кесілді. Барлығы 7 шақырым өзен арнасынан 403 текше метр мұз бен қоқыс шығарылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Қарғалы» өзені бойында орналасқан 500 нысанға судан келер қауіп жоқ. Жалпы Алматыда өткізілген оқу-жаттығуға 300 адам және 52 бірлік техника қатысты. Бүгінде төтеншеліктер су басатын 26 учаскені есепке алған. Соның тоғызында су тасу қауіпі жойылған. Қалған 17 учаскеде арық желілерін салу мен қайта қалпына келтіру үшін керекті құжаттар дайындалып жатыр.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы