Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдарға төленетін әлеуметтік төлемдер туралы
Алматыда бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай салдарынан табыстарынан айрылған қазақстандықтарға ең төменгі жалақы (42,500 теңге) мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алуға құжаттар қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін онлайн-брифингте Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасарлары Данияр Әлкебайұлы мен Айнұр Мұқажанова мәлімдеді.
Осы әлеуметтік жәрдемақыны жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында жүрген, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) және сонымен қатар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер алуға құқылы.
Бір ерекшелігі, әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін қызметкер штатта жұмыс істеуі және әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы жылдың кемінде үш айына қаражат аударуы керек.
Әлеуметтік төлемдерді есептеу жөніндегі қалған барлық мәселелерді, оның ішінде маусымдық жұмыстар тоқтатылған жағдайда, Алматы қаласының барлық 8 ауданы бойынша жұмыспен қамту жөніндегі арнайы штабтар жеке тәртіппен шешетін болады.
Айнұр Мұқажанова атап өткендей, ТЖ режиміне байланысты Алматы қаласынан тыс қалған, бірақ қалада жұмыс істеген адамдардан көптеген сұрақтар келіп түсуде. Алдыңғы жылдың соңғы үш айына әлеуметтік сақтандыру қорына қаражат аударылса, олардың тіркелген және тұрғылықты жеріне қарамастан әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Ең бастысы – жұмыс беруші оларды тізімге қосуы керек.
Аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабтарына жұмыс беруші өтінім береді. Ол жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлердің тізімін жасайды және «Электрондық үкімет» веб-порталында «электрондық өтініш» сервисі арқылы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға өтініш береді. Ол өтінішке ТЖ әрекет ету кезеңінде қызметтің шектеулеріне байланысты табыстың жоғалу фактісін растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтың үзінді көшірмесін қоса береді. Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер қызметкерлер тізімінде өздерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда, Айнұр Мұқажанованың айтуынша, Алматы қаласының 37 кәсіпорны олардың жұмысшыларына әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш берген. Соңғы екі күнде бұл мәселе бойынша 400-ге жуық адам жүгінді. Өтінішті қараудың ең ұзақ мерзімі-8-9 күн. Әр қызметкер әлеуметтік төлемдерді есептеу туралы ақпаратты ұялы телефонындағы SMS арқылы алады.
«Жұмыссыз қалған барлық азаматтар «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн тіркеліп, тиісті өтініш бере алады және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алады», - деп атап өтті Данияр Әлкебайұлы.
Табысы жоғалғаны үшін әлеуметтік жәрдемақы алуға арналған құжаттардың толық тізімі http://usb.almaty.kz сайтында («Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде) ұсынылған.
Табысын жоғалтқаны үшін әлеуметтік төлемдер мәселелері бойынша Алматыдағы «жедел желі» телефондары:
+ 7 707 335 0613
+7 707 335 05 14
+7 707 335 06 15