Алматыда жер үй өртеніп, екі адам тірідей жанып кетті

13.08.2020 05:37

Мәйіттердің жеке басы анықталды ма?

Аlmaty.tv

Алматыда жер үй өртеніп, екі адам тірідей жанып кетті. Түрксіб ауданында Волочаевская Көшесінде орын алған кайғылы жағдайға ащы су себеп болуы мүмкін бе? Мәйіттердің жеке басы анықталды ма? Жайттың жай-жапсарын Almаty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп қайтты.

Өрт өткен түні дәл осы үйде болған.  Көпбөлмелі тұрғын үйдің кіреберісінен басқасы түгелдей жанып кеткен. Оқиға орнынан екі адам денесімен қатар қаптаган ішімдік бөтелкелері табылды. Ал куәгерлердің айтуынша мәйіттер жергілікті баспанасыздарға тиесілі болуы мумкін.

Түнгі сағат он бір жарым шамасында төтенше жағдайлар департаментіне өрт фактісі бойынша қоңырау келіп түскен. Алайда, мамандар оқиға орнына жеткенше үй толықтай жанып кеткен. Өрт сөндірушілер жалынды 21 минуттың ішінде ауыздықтаған. Ал мәйіттердің денесі адам танымайтындай күйге жеткен. Қазір олардың жеке басын анықтау үшін экспертиза жұмыстары жүргізілуде.

«Өрт ошағы 4 минутта ауыздықталып, 21 минуттың ішінде толығымен жойылды. Барлығы 21 өрт сөндіруші, 15 қызметкер, полиция қызметкерлері және де жедел жәрдем қызметкерлері жұмылдырылды», – деді  қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлдана нұрымбетова.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше өртенген үй ішкілікке құмар жандардың баспанасына айналған. Мұнда сирек тұрақтайтын баспана қожайыны үйдің есігіне құлып салып жүрседе аймақтағы үйсіздер терезеден кіріп, ғимаратты мекендеп келген.

«Жиі ішімдікке салынған адамдардың кіріп-шығып жүретінін көретінмін. Бөтелкелестер мұнда жиі бас қосатын. Олардан басқа ешкімді байқамадым», – деді қала тұрғыны Фарид Нұрғалиев.

Полиция және төтенше жағдай қызметкерлері жақын маңдағы үйлерге де тексеріс жасады. Дәл қарама қарсы баспанадан мас күйдегі әйел табылып, оған қатаң түрде ескерту жасалды.

Айта өту керек, бұл жаз басынан бері өрт фактісі осы көше бойында орын алған екінші жайт.  29 шілде күні ащы су салдарынан аймақтағы үйлердің бірінде өрт шыққан еді. Оқиға орнынан табылған 49 жастағы әйел аман қалды.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы