Еңбек адамы: Жол құрылысы – нағыз ер азаматтарға арналған сала

2023 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы әлемнің 130-ға жуық елі қатысқан халықаралық бағдарламаға енген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көлік министрлігінің мәліметінше, өткен жылы республикалық маңызы бар жолдардың 90 пайыздан астамы стандартқа сәйкес келетіні анықталған. Бұл –жол саласындағы мамандар еңбегінің нәтижесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бағдат Жұманов – көп жылдық тәжірибесі бар жетекші маман. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін тәмәмдап, жол құрылысы саласында 30 жылдан астам аянбай тер төгіп келеді. Еңбек жолын өндірістегі қарапайым шебер болып бастаған Бағдат Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы облыстық филиалында жетекші сарапшы ретінде абыройлы қызмет атқарып жүр.

"Ер адамдар көбіне құрылыс саласына қызығады ғой. Менің ойымша жол құрылысы – нағыз ер азаматтарға арналған сала. Басшылық, ұйымдастырушылық қабілетіңді сынап көруге болады", – деді ЖАСҰО Алматы облыстық филиалының жетекші сарапшысы Бағдат Жұманов.

Жол сапасын тексеріп, жағдайын бағамдап, ақауларды анықтау – сарапшының күнделікті басты міндеті. Қандай да бір кемшіліктер анықталған жағдайда ақау тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Мамандардың сөзінше, соңғы 20-30 жылда жолдардың жағдайы мен сапасын бақылау әдістері жақсарған.

"Бізде жол саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Құрылыс кезінде жол сапасына оң әсер беретін полимерлік қоспалар қолданылады. Ал автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау және диагностика әдістері жақсарып келеді", – деді ЖАСҰО Алматы облыстық филиалының инженері Дархан Сибатов.

Айта кетсек, 2023 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы әлемнің 130-ға жуық елі қатысатын автомобиль жолдарының қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық бағдарламаға енген. Мамандардың айтуынша, жоба дамыған елдермен қатар уақыт көшімен бірге жүруге және жол төсемінің қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.

Еркебұлан Серікұлы, Амина Үсенова, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Өскемендіктер жылу бағасын 3 түрлі тариф бойынша төлейді

Новости партнеров