Референдум – 2022: сарапшылар пікірі қандай

06.05.2022 19:57

Оның айтуынша, әділетті Қазақстанды құруға әрбір жан атсалысуы қажет

Almaty.tv

Республикалық референдум 5 маусымда өтеді. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуінде айтты. Сарапшылар бұл айрықша саяси маңызды шешім деген пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарапшылардың айтуынша, осы өзгеріс бірқатар билік өкілеттілігін қайта бөлуді,  мемлекетті басқаруда халықтың үлесін арттыруға жол ашады.  

«Қазақстанда жеке тұлғалардың, азаматтардың ойы, пікірі, олардың құқығы жоғары және басты болатын осындай мемлекеттік жүйе құрылайын деп жатыр. Жаңа Қазақстанда, екінші Республикада өзінің таланты бар, ойы, пікірі бар азаматтардың мақсаты болса, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, іске асырады деген сөз», – деді саясаттанушы Ерлан Ахмеди.

Ал Сенат депутаты Дана Нұржігіт бұл жолы өтетін референдум мемлекет пен қоғам қатынасында тиімді құқықтық негіз қалыптастыратын айтты. Қазақстандықтарды бірауыздан референдумға қатысуға шақырды. Ол әділетті Қазақстанды құруға әрбір жан атсалысуы қажет деп санайды.

«Қадірлі Отандастар, Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын бірге жазатын, бірге шешім қабылдайтын, бірге талқылайтын сәт келді. Сондықтан референдумға бәріміз бір адамдай белсенді түрде қатысып, азаматтық позициямызды, ой пікірімізді айтып, Қазақстан Республикасының Ата Заңын бірге жасап, бірге жазайық», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.

Теги: Ата Заң