Халық өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Референдумның өтетін уақыты белгілі. Оны өткізу тәртібі қандай, ол жастарға не береді? Ел үшін маңызы қандай? Бүгін Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев жас сайлаушылармен кездесіп, референдумның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Парламент Мәжілісінің сайтына сілтеме жасап.
"Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын жастар түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет", – Ғалым Әміреев.
Жиын барысында республикалық штаб мүшесі Базара Танбаева әрбір жас Қазақстан азаматы референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуі тиіс екенін айтып, барлық жастарды саяси науқанға белсене қатысуға шақырды. Жалпы кездесуде жастар Мәжіліс депутатына көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өзара пікір алысты.