Республикалық қоғамдық штаб өкілдері айтуынша, саяси науқан бейбіт өмір мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін аса қажет болды
Референдумның талапқа сай өткенін республикалық қоғамдық штаб өкілдері де растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, саяси науқан елдегі бейбіт өмір мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін аса қажет болды. Және оны азаматтар түсініп, өздерінің Конституциялық құқықтарын толық орындады. Айта кетейік, қоғамдық штаб Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің бастамасымен құрылды. Оның құрамына құзырлы органдар және үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялы қауым, жастар, саяси партиялар және БАҚ өкілдері енді.
«Біздің өкілдеріміз өңірлерде белсенді жұмыс жасаған. Ауыл, аудандарда, барлық қалада насихаттау, халыққа түсіндіру жұмысына үлес қосқан азаматтарға, отандастарға рақмет! Қазақстанымызды бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ерекше еңбексүйгіш, рухани жағынан жаңарып, жаңғырған, жан-жақты өнегелі өзгеше мемлекетке айналдырайық», – деді Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Төлеубек Мұқашев.