Расул Жұмалы алда өтетін референдумге қазақстандықтар белсенді түрде атсалысуға шақырды
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы алда өтетін референдумге қазақстандықтар белсенді түрде атсалысуы керек дегенді айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жаһандағы саяси ахуал құбылып тұр. Соңғы 3 жылдағы пандемия, мемлекеттер арасындағы теке тірестер бізге де өз әсерін тигізді. Өйткені, әлемнен тысқары қала алмаймыз. Қаңтар оқиғасының жайын жақсы білесіз. Жастар саясаты да күрделі дүние. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қиын сәттерді сезініп отыр. Бұл жағынан келгенде Президентініміздің мықты саясаткерлігі байқалады. Енді жалпы халықтық референдум өтетін болады. Осыған көше демократиясымен емес, өркениетті түрде жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар осы тұрғыдан алғанда ғылыми-саяси институттардың маңызы зор.
Қазақ қоғамы жаңару үшін барлығын заң жүзінде іске асырған абзал. Білеміз, референдум өткізуді қолдаушыларда аз емес, сынаушылар да бар. Дегенмен, халыққа түсіндіріп, еліміздің өркендеуін ойлауымыз керек. Осындай игі істерді ешқандай айқай-шусыз іске асыруға болады. Бастысы бұрын жіберген олқылықтарды, қайталамауымыз қажет. Сондықтан демократиялық қоғам құрамыз десек, баршамыз бір кісідей атсалысқанымыз абзал», – деді Расул Жұмалы.