Алғашқылардың бірі болып таңғы сағат 07:00-де М. Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде орналасқан №358 сайлау учаскесіне Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгінде Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқығын іске асырып, алдағы 7 жылда еліміздің дамуына үлес қосады. Әр қазақстандықтың дауысы маңызды, бүгін мен қаламыздың, тұрғындарымыздың, отбасымның және балаларымның жарқын болашағы үшін елдің азаматы, Алматы тұрғыны ретінде дауыс беруге келдім. Алматылықтар өздерінің бірлігін көрсетіп, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.
Алматыда сайлау күні 600 сайлау учаскесі жұмыс істейді, тұрғылықты тіркеуі жоқ алматылықтар 55 учаскеде дауыс бере алады. Қалада шамамен 1,2 миллион адам дауыс беруге құқылы.