Тұрғындармен қатар қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, Сенат, Мәжіліс депутаттары да белсенділік танытып жатыр
Президент сайлауы ел тарихында жетінші мәрте өткізіліп отыр. Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмысын таңғы жетіден бастады. Елордалық тұрғындар да өз таңдауын жасап, дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Таңнан жұмысын бастаған сайлау учаскесінің бірі - №113-сайлау учаскесі. Мұнда 3703 адам дауыс беруге тіркелген.
"Таңғы көңіл күй тамаша. Кішкене тұмауратып қалып едім, сондықтан маскамен тұрмын. Біз бүгін өз мемлекетіміздің болашағын таңдап жатырмыз. Әрбір қазақстандық бүгін келіп өзінің азаматтық парызын орындаған дұрыс деп есептеймін. Өйткені әр қазақстандық алдағы 7 жылды айқындайды. Ол қалай дауыс береді, солай болады", - деді дауыс беруге келген Мәлік Иманқұлұлы.
Ел тарихында жетінші мәрте өтіп отырған Президент сайлауынан Балғожиндер отбасы да бей-жәй қалмады. Көпбалалы отбасы бірлігін танытып, бір ауыздан таңғы жетіден келіп дауыс берді. Олар №113 учаскеге ең бірінші болып тіркеліп, таңдау жасап үлгерді.
"Біз ерте сағат 6.00-ден бастап келдік. Президентімізді сайлаймыз деп келдік. Түнде ұйқымыз қашып кетті. Бүгін елімізде той. Мен өзімнің жанұяммен келдім. Жанымда тұрған менің немерем. Бүкіл жанұямызбен таң атпай ерте келдік", - деді қала тұрғыны Күлән Балғожина.
Сайлауда жалпы 11 миллион 600 мың отандасымыз дауыс бере алады. Сайлау учаскелері кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындармен қатар қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, Сенат, Мәжіліс депутаттары да белсенділік танытып жатыр.
"Бүгінгі күні отбасыммен таңертен тұрып, шайымды ішіп, сайлауға келдік. Өзіміздің азаматтық борышымызды орындап. Өзімнің әріптестерім де келіп жатыр. Бәрімізге сәттілік. Дұрыс таңдау жасайық", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсәметова.
Айта кетсек, бүгін шетелде 12 мыңнан астам қазақстандық дауыс береді. 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылған.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы