Кеше 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент сайлауының нақты нәтижесі қашан, қалай шығарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялаған еді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары дауыстар саналғаннан кейін екі күн ішінде әр өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын жеткізуге тиіс. Биылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында бекітіледі, оны өткізетін күн мен уақыт қосымша хабарланатын болады», - деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Н. Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларының атына келіп түскен ресми және барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатынын айтты.
Қазіргі уақытта ел өңірлері мен шетелдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынған.
Осылайша ОСК төрағасының айтуынша, Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. Екінші орында 460 484 немесе 5,8% дауыспен «бәріне қарсымын» бағаны тұр.
Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа – 271 641 адам немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге – 206 мың 206 немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға – 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.
Айта кетейік, кеше 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді. Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаске құрылған.