Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына 25 шетелдік байқаушыны аккредиттеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен бір шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны аккредиттеу ұсынылды. Оның ішінде Палестина мемлекетінен – 1, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 11, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан – 13 байқаушы. Аккредитациядан өткізу үшін келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңарып отыратын болады», – деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
Оның атап өтуінше, еліміздің Сыртқы істер министрлігі сайлауды байқауға қатысу үшін халықаралық және парламентаралық ұйымдарға, Қазақстандағы дипломатиялық корпусқа тиісті шақырту жіберді.
«Екіжақты негізде ОСК 34 шет мемлекеттік Орталық сайлау комиссиясына шақыру жіберген болатын», – деді ол.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы 25 шетелдік байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.