СҚО-да 384 мыңнан астам адам сайлауға қатысуға құқығы бар
СҚО-да тұрғындар 631 сайлау учаскесінде таңдау жасай алады. Оның екеуі таңғы сағат 6:00-де, ал қалғандары сағат 7:00-де жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
№ 595 сайлау учаскесінде 1300-ден астам тұрғын дауыс беруге құқылы. Олардың арасында 10 тыл еңбеккері, алғаш рет дауыс беретін 5 азамат бар. Сондай-ақ облыс әкімі Айдарбек Сапаров та өз таңдауын жасады.
Ал таңғы сағат 6:00-де ҚР Ұлттық ұлан академиясында №655 жабық учаске жұмысын бастады. Оқу орнында дауыс беруге 700-ге жуық адам қатысты. 3 курс студенті Айдос Жұмағұлов алғаш рет дауыс беріпті.
«Сайлау – қазақстандықтар үшін өте маңызды оқиға. Біз мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау арқылы қоғамдық белсенділігімізді көрсете аламыз. Халықтың, елдің жағдайы жақсарады деген сенімдемін», – деді ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанты Айдос Жұмағұлов.
Ал Петропавл тұрғыны Ниязбек Есқақов сайлау күні өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуді ұйғарыпты. Ол таңғы сағат 9:00-ден бастап сайлаушыларға тегін такси қызметін көрсетіп жүр.
«Бүгін сайлауға келіп, таңдауын жасаймын деген адамдарды тегін тасимын», – деді такси жүргізушісі Ниязбек Есқақов.
Солтүстіктегі елдімекендерде де дауыс беру белсенді жүріп жатыр. Есіл ауданы Явленка ауылында сайлауға отбасымен келгендер де бар. Солардың бірі – Құсайыновтар әулеті. Отағасы Мүбарак Құсайынов дауыс беруге жұбайы мен немересін ала келген.
«Биылғы сайлаудың маңызы зор. Депутаттарға сенім артып, сайлап жатырмыз. Халыққа қызмет етсін», – деді Явленка ауылының тұрғыны Мүбарак Құсайынов.
СҚО-да 384 мыңнан астам адамның сайлауға қатысуға құқығы бар. Өңірде 631 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 97-сі облыс орталығында орналасқан.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан