Сайлаудың нәтижесі бойынша, партиялық тізіммен 6 партияның өкілі өтті
ОСК Мәжілістің VIII шақырылым депутаттарын ресми түрде тіркеді. Бүгін 98 халық қалаулысы Астанаға келіп, комиссия мүшелерінің қолынан куәлік пен төсбелгі алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ОСК жаңадан сайланған депутаттарға куәлік беру рәсіміне журналистерді кіргізбеді. Тек операторларға ғана түсірілім жасауға рұқсат етті. Себебін ғимаратта адамның көп болатынымен түсіндірді. Орталық сайлау комиссиясының іші ғана емес, сыртында да біраз адам болды. Мәселен, осы сайлауға өте алмай қалған Сырымбек Тау бар. Осында әпкесін қолдау үшін келіпті.
«Әрине, партия халыққа қызмет көрсетеді емес пе? Бірге жүргенді ұнаттым», – деді кәсіпкер Сырымбек Тау.
Парламентке алғаш рет келіп жатқандардың кейбірі сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартып, жолындағысын жайпап ішке қарай еніп жатса, тіс қаққандары асықпай, аптықпай тұрып бірнеше сұраққа жауап берді. Жаңа депутаттар жұмысқа жаңа леппен, білек сыбана кірісетінін атап өтті.
«Кандидаттар тізімінде болдым. Мені таңдапты. Партияның үміті, сенімі, жауапкершілігі ғой артқан. Бірге ақтауға тырысамыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
«Өздеріңіз байқадыңыздар, сайлау алдында партияның жеке бағдарламасы болды. Сол бағдарламамызда айтқандай, ауылды көтереміз. Ауыл шаруашылығының мәселесін қозғаймыз. Мәжіліс мінберінде бізге мүмкіншілік болады деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.
98 Мәжіліс депутаты куәлігін алып, төсбелгісін кеудесіне тақты. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров халық қалаулыларына сәттілік тілеп, жауапкершіліктің жоғары екенін еске салды.
«ОСК тіркеген сәттен бастап сіздерде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретіндегі өкілеттік басталды. Осы сәттен бастап еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – ҚР Парламентінің депутатысыздар. Баршаңызды халық қалаулысы атануларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз үлкен табысқа ұлассын!»– деді ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейін, енді Парламент мәжілісі 98 депутаттан тұрады. Сайлаудың нәтижесі бойынша, партиялық тізіммен 6 партияның өкілі өтті. Оларға барлығы 69 мандат берілді. Қалған 29 орын бір мандатпен сайланған депутаттар арасында таратылды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Мәжіліске өткен партия өкілдері белгілі болды