Әнші «Голос» шоуының сахнасында тұрғанда қандай әсерде болғанын айтып берді
«Голос» шоуында Шарль Азнавур мен Жорж Гарваренцтің Une vie d’amour әнін орындап, тәлімгерлерді таңғалдырған әнші Әлішер Кәрімов «Алматы» телеарнасы «Таңғы STUDIO» бағдарламасында қонақта болды.
Әнші «Голос» шоуының сахнасында тұрғанда қандай әсерде болғанын айтып берді.
«Мен шоуға қатысып жатқанда «SuperStar KZ-ке» қатысқан кезім есіме түсіп, шабыттандым. Ән шырқағанда өзімді еркін сезіндім», – деді әнші.
Әнші шоуға бармай тұрып, Александр Градскийдің тобына баруды алдын ала жоспарлап қойғанын жеткізді.
«Музыка – жүрек тілі, сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ал Александр Борисович Градский – сол музыканың өкілі. Адам өмірі бір-ақ күнде басқа арнаға бұрылуы мүмкін. Өмір сонысымен тамаша!» – дейді әнші.
Әнші алдағы жоспарларын бөлісе отырып, киноға түсуді армандайтынын айтты. Ол үшін арнайы курстарға да қатысуға дайын екен.
«Қазіргі таңда әншілер бір бейнебаян түсіріп, өзін жұлдыз санайды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес», – дейді ол.
Айта кетейік, Әлішер Кәрімов бұған дейін Қазақстан атынан «Славян базары», «Жаңа толқын», «Ереван шақырады» атты халықаралық байқауларға қатысқан. 2018 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталған.