Біршама уақыт бойы көңіл жарастырып жүргенін көпшіліктен жасырып келген Ерке мен Азамат Зенкаев жанкүйерлеріне қалай «ұсталып» қалғанын айтты
Көпшіліктен қарым-қатынасын жасырып келген Ерке Есмахан мен Азамат Зенкаев дүйім жұртқа мәлімдеме жасады. Ерке Есмахан әнші Мадина Сәдуақасоваға AZ-ді күйеуім деп таныстырған. Бұл туралы жұлдызды жұп «Алматы» телеарнасының Paparazzi бағдарламасында айтты.
Біршама уақыт бойы көңіл жарастырып жүргенін көпшіліктен жасырып келген Ерке мен Азамат Зенкаев жанкүйерлеріне қалай «ұсталып» қалғанын айтты. Еркенің айтуынша, олар Дубай қаласына қыдырып барып, сонда бірге жүрген жерінен отандастары видеоға түсіріп алған.
Артынша, бұл видео әлеуметтік желіде кеңінен таратып, олардың қарым-қатынасы елге жария болған. Дәл осы уақытта Ерке хейтерлер тарапынан сынға ұшырап, AZ-дің фанаттары жағымсыз пікірлерін жаудырған. Еркенің айтуынша, бұл кезең ол үшін оңайға соқпаған.
«Біз енді кездесе бастағанда, «Бірге көрмесе болды ғой, елден жасыра аламыз» деп жүрдік. 2 айдан кейін Алматыда тыныш жүре алмаймыз деп, Дубайға кеттік. Бірінші Дубайда ұстап алды, суреттер, видеолар шығып кетті. Блогерлер де жазып кетті. Сөйтіп біздің тығылғанымыз екі-ақ айға жетті. Сол кезде фанаттардың сөзін, жазғанын оқыдым. Азаматтан «Неге бұлай болып жатыр, еш жамандық істегенім жоқ қой. Қалай күрессем болады, не істесем болады?!» деп сұрадым. Сонда Азамат: «Сен ешкімге түсіндіруге міндетті емессің. Сен менің қасымдасың, екеуіміз біргеміз. Ондай пікірлер, ондай әңгімелер болады да, бола береді де. Бастысы – екеуіміздің таңдауымыз, қалған хейт, анау-мынау сөздер – өтпелі» деп жауап берді», – дейді Ерке Есмахан.
Ал әнші Мәдина Сәдуақасова Азамат пен Еркенің махаббат хикаясын тек әлеуметтік желідегі жаңалықтардан ғана білген екен. Бірақ екі жастың сезіміне күмәнмен қарап, аса сене қоймапты. Алайда көп ұзамай күдігі сейілген.
«Екеуін бір жобада бірге көрген кезде AZ кәдімгідей Еркені қолдап, демеп тұрады. Сосын Ерке «Мәдина, мына жігіт менің күйеуім деп таныстырды». Күйеуім? Енді-енді жүріп бастаған жұп деп ойлап жүрсем, күйеуім деп таңғалдырды», – дейді Мадина Сәдуақасова.