Өнерде де, өмірде де жарасымын тапқан өнерлі жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина үйленгендеріне 25 жыл болған күміс тойын дүркіретіп атап өтті, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ernur.kz-ке сілтеме жасап.
Қос әнші жақындарын, өнердегі, өмірдегі достарын жинап, той жасады. Той төріне қос әнші «Жар-жар» әнімен шықты. Той үстінде имам Қыдырәлі мен Қарақаттың некесін қиды.
- Осыдан 25 жыл бұрын тойдың дайындығы қазіргідей болған жоқ. Кірпік жабыстырмадық, бетті боямадық. Шашты қоқайтып төбеге түйіп, оған гүлдерді топырлатып жапсырып алып шыға бердік. Аяла қызым күлді. Міне, енді өзім қалағандай етіп қайтадан тұрмысқа шығып жатырмын. Неке жаңғырту деген нәрсе – тамаша үрдіс. Осыдан 25 жыл бұрын некемізді қиған имам бүгін күміс тойымыздың куәсі болып келіп отыр. Келген қонақтардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз, - деді Қарақат Әбілдина.
Той үстінде имам Қарақат Әбілдинадан маһрге не қалайтынын сұрады.
- Әлемнің жарығын ата-анам сыйлаған болса, әлемнің бар гүлін, жақсылығын маған Қыдекем сыйлады, көрсетті. Ешуақытта маған «жоқ» деп қарсы келмеген, үлде мен бүлдеге орады, алақанына салып аялады. Уәде беріп, оны орындамай қойған кезі болмады. Осы күнімізге шүкір етіп, қуанып тұрмыз. Сондықтан маһр сұрағаным орынсыз болады, менде бәрі бар. Өзіңді кездестірген сәттен бастап әр күнім ертегідей» деп күйеуіне шынайы ықыласын білдірді, - әнші.
Сондай-ақ Қыдырәлі мен Қарақаттың заңды некесін қиюға кезінде өздерінің үйлену тойында қалыңдықтың көйлегін ұстап жүрген кішкентай қыз арнайы келіпті. Ал әншілердің некесінің куәгерлері өздерінің екі қызы Аяла мен Айзада болды. Үйлену тойында Қыдырәлі мен Қарақат жаңадан неке жүзігін тағып, бұдан кейінгі өмірде де бірге болуға ант берді.
Оқи отырыңыз: Сені ұзақ күттік: Баян Алагөзова қызды болды