Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында енді Аубакирова болатынын мәлімдеді
Қазақстандық телеарналарда мемлекеттік тілде жаңалық жүргізген Оксана Лоскутова күйеуінің тегіне өткенін айтты. Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында енді Аубакирова болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тегімді Аубакирова деп өзгерттім. Ұзақ ойлана келе, осындай шешімге келдім. Әкем ренжімейтін шығар. Лоскутова деген өз фамилиям абыройлы болды. Енді өз жұртыма қызмет етейін», - деп жазды ол.
Тележүргізуші Instagram парақшасында бір жыл бұрын тұрмысқа шыққанын жазған болатын.
«Жолдасым – Арман. Қазақтың қарапайым жігіті. Сурет қыз бен жігіт күнімізден. Азаматымның жаны таза, ақкөңіл, қолы ашық, аузын ашса, көмекейі көрінеді. Сол себепті оған бірден сендім», - деп ол өзінің жарын жұртқа таныстырған болатын.
Айта кетейік, Оксана 1980 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Әкесі – орыс ұлтынан, анасы – қазақ. Он бірінші сыныпты Павлодардағы орыс мектебінен бітірген. Одан соң Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдаған. Оксананың мамандығы – қазақ тілі филологы. Сонымен қатар, тележүргізуші «Тұран-Астана» университетінің магистратурасын жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша оқып шыққан.
Оксана тіл білу қабілетін қазақ әдебиетін оқып, аударып, сөздерді жаттау арқылы дамытқан. БАҚ-қа берген сұхбаттарында өзін орыстан шыққан қазақ қызымын деп санайтынын айтқан.