Футзалшылар оралды: Қазақстан құрамасын жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды

06.10.2021 01:39

Еліміздің ұлттық құрамасы әлемнің үздік төрттігіне еніп, Fire Play жүлдесін иемденді

vecher.kz

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын «Қайраттың» ойыншылары Алматыға оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Литвада өткен Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, сенсация жасаған отандастарымызды әуежайдан жанкүйерлер күтіп алды. Олардың арасында жергілікті клубтың тұрақты көрермендері мен қалалық спорт басқармасының өкілдері және белгілі әншілер мен блогерлер бар.  

Алматылық бір топ жанкүйер түн ортасына қарамастан әуежайға жиналып, отандастарымызды әндетіп қарсы алды. Олар спортшыларды кіреберістен қазақы дәстүрге сай шашу шашып, қуанышты бірге атап өтті.

«Чемпионатқа қатысқандардың бәрі де мықты. Олардың арасында оңай қарсылас болды деуге келмейді. Көпшілік біздің жеткен жетістігімізді жоғары бағаласа да, сенсация деп айта алмаймыз. Ұзаққа баратынымызды алдын ала болжап, соған дайындалғанбыз», – деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Лео Игита.

Айта кетейік, спортшыларымыз Әлем чемпионатында жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, нағыз сенсация жасаған еді. Алайда азулы Португалия құрамасына есе жіберіп, қола үшін болған кездесуде Бразилиядан ұтылды. Осылайша, футзалшыларымыз әлемнің ең үздік төрттігіне кірсе, турнирде әділ ойнағаны үшін Fire Play жүлдесін иемденді.

«Жеңіске бір ғана қадам жетіспей қалды. Сонда да тарихқа ендік деп ойлаймын. 3-ші орынға таласқан кезде сәттілік жетіспей қалды», – дейді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дәурен Тұрсағұлов.

«Қазақстан жанкүйерлері – ең үздік, ең жақсы жанкүйерлер. Біздің 6-шы ойыншымыз деп айтуға болады. Instagram және WhatsApp желілерінде қолдаулар өте көп болды. Сол үшін Қазақ еліне үлкен алғысымды айтамын», – деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Біржан Оразов.

Талабы таудай спортшыларымыздың ендігі мақсаты – Нидерланды елінде өтетін Еуропа чемпионатына жақсылап дайындалып, топ жару.

Мерей Қанапиянов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы