2021 жылдың үздік спортшылары мен бапкерлері анықталды

13.12.2021 15:58

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті 2021 жылды қорытындылап, "Алтын Самғау – 2021" сыйлығы аясында үздік спортшыларды атады

© AP Photo / Frank Franklin II

Нұр-Сұлтанда Altyn Samǵaý-2021 ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz сілтеме жасап.

"Қазақстанның үздік спорт федерациясы" номинациясы бойынша жүлдені Қазақстан теннис федерациясы алды. Сахнада марапатты федерацияның вице-президенті Юрий Польский алды.

"Жыл жаңалығы" номинациясы бойынша қазақстандық каратэші Нұрқанат Ажиканов жеңімпаз атанды. Жақында БАЭ-де өткен әлем чемпионатында спортшы екі қола алды. Алғашында ол жеке жарыста үшінші болды, артынан ерлер командасына Түркияны жеңуге үлес қосты.

"Жыл командасы" номинациясын футзалдан Қазақстан құрамасы жеңіп алды. Биыл құрама әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Нәтижесінде біздің футзалшылар төртінші орынға ие болды. Бұл нәтиже ел үшін тарихи оқиға болды.

"Біз үшін осы жерде болып, осы марапатты алу үлкен мақтаныш. Қазақстан футбол федерациясы мен "Қайрат" клубына халықаралық аренада өнер көрсетуге мүмкіндік бергені үшін үлкен рахмет, жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін рахмет", - деді командасының бас бапкері Кака.

Параолимпиадалық спортта арнайы номинация бойынша ауыр атлет Давид Дегтярев үздік спортшы болса, Жандос Қиянов үздік бапкер атанды.

Жазғы спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы Токио-2020 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және бокстан 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов болды.

"Қысқы спорт түрлері бойынша жылдың үздік жаттықтырушысы" атағын шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мадығали Қарсыбеков алды. Қарсыбековтың шәкірттері Азия чемпионаты, Азия ойындары және әлем кубогы кезеңдерінде бірнеше дүркін жүлдегер атанды.

Алматы Қазақстанның ең үздік спорттық өңірі деп танылды.

"Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы" (ерлер арасында) номинациясында боксшы Сәкен Бибосынов жеңімпаз атанды. Биыл Бибосынов Токио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Бірнеше айдан кейін Сәкен Белградта өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

"Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы" (әйелдер арасында) Софья Берульцева атанды. Токиодағы Олимпиада ойындарында каратэші жарыстың жартылай финалына шығып, Олимпиаданың "қола" жүлдесін алды. Екі ай өткен соң София каратеден премьер-лигада өнер көрсетіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды. Ал 2021 жылғы әлем чемпионатында Берульцева 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем біріншілігінің қола медалін алды.

"Қысқы спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы" (ерлер арасында) номинациясында шорт-трекист Денис Никиша жеңіске жетті. Ол осы маусымда Бейжің (Қытай) мен Нагояда (Жапония) 500 метр қашықтықта әлем кубогы кезеңдерінің екі қола медалін жеңіп алды. Бұл оған әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына енуге мүмкіндік берді.

Юлия Галышева қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы (әйелдер арасында) атанды. Өткен маусымда Юлия фристайл-могулдан әлем чемпионатының күміс жүлдесімен марапатталды, сондай-ақ Әлем кубогының кезеңдерін есептегенде, маусым бойы жоғары нәтиже көрсетті.

Теги: бокс