Елена Рыбакина Брисбен турнирінің жартылай финалына шықты

05.01.2024 16:23

Жарты сағатқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді

John Fornander / Unsplash

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік таластырды.

Осыған дейін қарсыластар бір-ақ мәрте кездесіп, онда ресейлік теннисші жеңген екен.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Е. Рыбакина брейк жасай алды.

Содан кейін есеп 4:1 болғанда, А. Потапова медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Елена сетті тәмамдады — 6:1.

Осыдан соң А. Потапова бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Жарты сағатқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, чехиялық Линда Носкова немесе рейтингте 58-сатыдағы 16 жастағы ресейлік Мирра Андрееваның біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қазақстан азаматтығын алғанын жазған болатынбыз.

Брисбен турнирінде Александр Недовесов жартылай финалдан тыс қалды.