Көкшетауда ерлер арасында бокстан алғашқы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке салтанатты құрмет көрсету рәсімі өтті. Былғары қолғап шеберін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сөз сөйлеу барысында өңір басшысы облыста спорт дәстүрінің мықты екенін және спорт атты игі істі дамыту үшін көп жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
«Біз – ақмолалықтар Теміртастың жеңісін шексіз мақтан тұтамыз! Бұл Ақмола облысының тарихындағы ерлер арасында әлем чемпионатының алғашқы алтын медалі! Теміртас - тәжірибелі спортшы. Осынау дәрежесі биік марапатқа қол жеткізу жолында ол әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатын екі мәрте жеңген болатын: 2019 жылы қытайлық Уханьда және жуырда ғана, қыркүйек айында Мәскеуде. Бұл жеңістердің тобықтай түйіні әлем чемпионатындағы алтын жүлде болды», – деп облыс басшысы өз сөзін қорытындылады.
Теміртастың медалі ақмолалықтар үшін ғана емес, сонымен қатар еліміз үшін де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған айрықша сыйлыққа айналды. Бұл жеңіс жаттықтырушылар мен жанкүйерлер үшін мақтан тұтарлық, әлбетте Қазақстанның жоғары спорттық мәртебесін де асқақтатты. Бұл жайт көптеген спортшыларды, әсіресе Олимпке жол бастағандарды биік белестерді бағындыру жолында жігерлендіріп, шабыт берері сөзсіз.
Ермек Маржықпаев чемпионға пәтер кілтін және ақшалай сертификат табыстады. Сондай-ақ Теміртастың бапкері - Қуанышпай Кокушевтің ерен еңбегі мен жоғары кәсібилігін атап өтіп, ақшалай сертификат табыс етті.
Өз кезегінде, Теміртас Жүсіпов жиналғандарды құттықтап, жерлестерінің қолдауын сезінгенін, сондықтан да жеңіс үшін бар күшін салғанын айтты.
«Өз атымнан және Ақмола спортшыларының атынан облыс басшылығына спортшылардың жаттығуы мен жалпы спорттың дамуы үшін жағдай жасап жүргендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Жарыстарда өнер көрсетіп жүріп, біз жерлестеріміздің зор демеуін сезінеміз» – дейді спортшы.
Еске салайық, Белградта өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын алған еді. Теміртас Жүсіповтен бөлек әлем чемпионы атағына Сәкен Бибосынов қол жеткізді. Ал Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс жүлде иеленсе, Абылайхан Жүсіпов қола жүлдегер атанды.