Батыр Жүкембаев оппонентін алғашқы минутта нокаутқа жіберді

18.12.2021 17:35

Ол Канаданың Монреаль қаласында өткен кеште мексикалық Хуан Хосе Мартинес Альвареспен қолғап түйістірді

sport.kz

Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-1, 14 КО) кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінен кейін араға жарты жыл салып, рингке оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Ол Канаданың Монреаль қаласында өткен кеште мексикалық Хуан Хосе Мартинес Альвареспен (28-10, 20 КО) қолғап түйістірді. Бірінші жартылай орта салмақтағы айқас 6 раундқа есептелген болатын және ол Жүкембаевтың жеңісімен аяқталды. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы минутында-ақ қарсыласын алдымен, нокдаунға, іле-шала нокаутқа жіберді. 

Осылайша, Б.Жүкембаев кәсіпқой бокстағы 19-ыншы жеңісіне қол жеткізіп, биылғы мамырда пуэрториколық Сабриэль Матиастан (17-1, 17 КО) болған жеңілісін «жапты». Ол кезде Жүкембаев 8-інші раундтан кейін айқасты жалғастырудан бас тартқан еді. Хуан Хосе Мартинеске келсек, бұл оның профибокс мансабындағы 11-інші жеңілісі.