Үш сағатқа созылған тартысты мачта қазақстандық-словениялық жұп қарсыластарына жол берді – 6:1, 5:7, 5:10
Португалияның Майа қаласында Tennis Europe сериясы бойынша жасөспірімдер арасында дәстүрлі халықаралық супер турнир мәреге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы, Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы словениялық Зиго Шешкомен бірге жұптық сында финалда германиялықтар Диего Паломеро – Нильс Макдонольдпен бас жүлдені сарапқа салды.
Үш сағатқа созылған тартысты мачта қазақстандық-словениялық жұп қарсыластарына жол берді – 6:1, 5:7, 5:10.
Алматы қаласының 13 жасар түлегі үшін бұл жұптық сындағы алтыншы финалы еді, соның үшеуінде Заңғар жеңіске жетті. Сонымен қатар ол жекелей сында бес рет чемпион атанған болатын.
Енді Қазақстанның жас жұлдызы 18 сәуірде Үндістанға аттанады. Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының іріктеу сайысында ел намысын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Нью-Делиде бесінші орынға табан тірегенін жазған болатынбыз.