Жеңімпаз атанған жас спортшылардың бәрі – Сағадат Батыр клубының мүшелері
Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында 3 дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абу-Даби қаласында өтіп жатқан байрақты додада отандасымыз 44 келі салмақта өнер көрсетіп, тұғыр биігінен көрінді. 14 жастағы спортшы әуелі Біріккен Араб Әмірлігінен, сондай-ақ Ресей мен Таиландтан келген қарсыластарымен кездесіп, бәрінде де мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
«Әлем чемпионатында еліміздің көк туы көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанына қатты қуаныштымын. Болашақта қазақ қызының мықтылығын әлемге танытқым келеді. Бұйырса, соған еңбектенемін», – деді джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында 3 дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова.
Одан бөлек, алматылық Нұрай Алтынбек те өз салмағында топ жарса, Райымбек Ержан үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, орын алған жас спортшылардың бәрі – Сағадат Батыр клубының мүшелері.
«2 батыр қызымыз көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатты. Сондай-ақ 3 медаль, яғни 2 алтын, 1 қола медальға қол жеткіздік. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын. Құтты болсын, Қазақ елі!», – деді жаттықтырушы Нұрсұлтан Орынбасаров.