XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды

09.10.2023 19:32

Ұлттық құрама 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді

Almaty.tv

XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды. Ел абыройын асқақтатқан спортшыларды Алматы әуежайынан туған-туыс, дос-жаран мен жанкүйерлер қошемет көрсетіп, қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Джиу-джитсудан үздік үштіктің қатарына кірген спортшының бірі – Алдияр Серік. Қола жүлдені қанжығаға байлаған ол сингапурлық қарсыласын 2:0 есебімен жеңген еді. Спортшы бұл жеңісін ұзақ күткенін айтады.

– Он үш жасымда тікелей эфирден ағаларымның күрескенін көрдім және әуежайға келіп, оларды қарсы алдым. Медалді қолыма ұстап көрдім, спортты жалғастыруға мотивация берді.  Аллаға шүкір, жетістікке жетіп отырмыз, – деді Азия ойындарының қола жүлдегері Алдияр Серік.

Асланбек Шымбергеновті де алматылықтар әуежайдан сән-салтанатпен қарсы алды. Естеріңізге сала кетейік, бокстан ерлер құрамасы халықаралық жарыста 1 күміс, 2 қола медалді қанжығаға байлады. Күміс – Қамшыбек Қоңқабаевқа тиесілі. Ал қола медальдің біреуін 92 келідегі Сағындық Тоғамбай еншілесе, екіншісін ел қоржынына Асланбек Шымбергенов салды.

– Бірінші орын аламын деп ойлаған едім. Әр спортшы  олимпиадаға баруды армандайды. Енді олимпиаданың шыңын бағындыру үшін күш-жігерімді саламын, – деді Азия ойындарының қола жүлдегері Асланбек Шымбергенов.

Ал бокстан ұлттық құрама бапкері додада спортшылар көрсеткен нәтиже көңіл көншітпеді дейді. Алайда әлі де алға ұмтылып, еліміздің әнұранын әлемдік спорт аренасында шырқау үшін барымызды саламыз деп отыр.

– Жарыстың қорытындысы жақсы емес. Алға қойған мақсатқа түрлі жағдайға байланысты жете алмадық. Бірақ ары қарай дайындаламыз. Уақыт көрсетеді, – деді бокстан ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов.

Айта кетейік, 17 күн бойы 45 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған додада ұлттық құрама 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль алып,  жалпыкомандалық есепте 11-орынды иеленді.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан медаль саны бойынша Азия ойындарында үздік бестікке енді