Денис Теннің досы Сергей Воронов мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстанда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл үлкен жауапкершілік, сондықтан мен осында болғаныма өте қуаныштымын», – деді ол.
Сергей Воронов – 2014 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2014/2015 жылғы маусымдағы Гран-при финалының қола жүлдегері, 2015 жылғы командалық Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ресейдің екі дүркін чемпионы (2008, 2009). 2017 жылғы NHK Trophy Гран-при сериясындағы турнирдің жеңімпазы. «Челленджер» сериясындағы турнирлердің жеңімпазы: Финляндия трофейі (2014) және Непела мемориалы (2016).
Сергей Воронов 1987 жылы 3 қазанда Мәскеуде дүниеге келген. Мәнерлеп сырғанаумен 1991 жылы айналыса бастаған. Рафаэль Арутюнянның басшылығымен жаттықты. 2002 жылы Арутюнян АҚШ-қа көшіп, 13 жастағы Сергей онымен бірге бара алмауына байланысты Санкт-Петербургке Галина Кашинаға көшті. Кейін бапкерін ауыстырды, Алексей Урманов жаңа тәлімгер болды. Содан кейін Николай Морозовпен бірге жаттықты.
Мансабын бір жыл бұрын аяқтады.