Сайысқа 70-тен астам бала қатысты
Ұлттық спорт күні Алматының оқушылары тоғызқұмалақтан жарысты. Қала бойынша 9 бен 13 жас аралығындағы жеткіншектер арасындағы сайыс халықаралық ереже бойынша өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тоғызқұмалақ ұлттық спорттың төл күнінде №7 оқушылар үйінде өтті. Жарыс қала бойынша жарияланып, 70-тен астам бала қатысты.
– Жарыс 7 түрдан тұратын швейцариялық жүйемен өтеді. Оқушылардың ынтасы өте жоғары. Барлығы шеберлігін танытып, тамаша ойын көрсетіп жатыр, – деді қалалық тоғызқұмалақ федерациясының жаттықтырушысы Еркебұлан Бибеков.
9 бен 13 жас аралығындағы жеткіншектер әр қадамды аңдап басып, барлығын ақылмен шешті.
– Балалардың қызығушылығы зор. Барлық іс-шара аясында тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылады. Ата-аналардың да сұранысы көп. Ойынды әлі де дамытамыз, – деді №7 оқушылар үйі директорының орынбасары Жанатгүл Абирова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – балаларды өзара сайыстыру емес, құндылықты насихаттау, дәріптеу.
Айта кетсек, бүгінгі тоғызқұмалақ додасы Наурызнаманың Ұлттық спорт күніне орай өтті.
Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы