Универсиада ойындарында жеңіске жететініме сенімді болдым – Милад Карими

09.08.2023 19:57

Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 20 жүлдені қанжығаға байлады

Almaty.tv

Қытайдың Чэнду қаласында өткен XXXI Дүниежүзілік жазғы универсиада өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 20 жүлдені қанжығаға байлады. Соның ішінде 2 алтын медаль иегері – Алматы қаласының спортшылары екен. Әлемдік аренада өнер көрсетіп, еліміздің даңқын асқақтатқан жеңімпаздарымызды жанкүйерлері мен жақындары әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрлі-түсті шарлар, жұпар иісі аңқыған гүлдер, музыкалық аспаптар. Ел намысын қорғап, көк байрағымызды әлемдік додада көкке желбіреткен спортшыларымызды алматылықтар әуежайдан көтеріңкі көңіл күймен күтіп алды.

Қытайдың Чэнду қаласында өткен Жазғы универсиада ойындарының үш дүркін чемпионы кеше кешкісін елге оралды. Жылы лебізбен қарсы алған жақындары жүзден жүйрік шыққан спортшыларымызды мақтан тұтатынын айтады.

– Карими Милад пен Нариман Құрбанов – менің жақын достарым. Бірге жаттығамыз, спорттық жарыстарға қатысамыз. Мен құрдастарымның жетістікке жеткеніне қуаныштымын, – деді спорттық гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Асан Салимов.

– Милад жайында айтсам, ол – мақсатына берік адам. Чемпион боламын деді, айтқанын жүзеге асырды. Мақтан тұтамын! – деді спорттық гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Акбар Джалали.

Ал Милад Карими жеңіске жететініне сенімді болған.

– Көпжылдық еңбегім, қайтпас қайсар мінезім жемісін берді. Жаттығу кезінде қандай болса да медаль аламын, жүлдесіз қалмаймын деп сендім. Бәрі ойдағыдай өтті. Спорт – менің өмірім, спортты таңдағаныма еш өкінбеймін, – деді XXXI Дүниежүзілік жазғы универсиаданың жеңімпазы Милад Карими.

12 күнге созылған халықаралық додада ел құрамасынан 93 отандасымыз спорттың 11 түрінен бақ сынап, 20 жүлделі орынды иеленді. Нақтырақ айтсақ, қоржынымыз 2 алтын, 7 күміс, 11 қола медальмен майланып отыр.

– Біз Қазақстанның қоржынына спорттық гимнастикадан 4 медаль: 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль салдық. Біздің бетке ұстар гимнастшымыз Милат Карими жеке финалда қола, күміс, алтын, яғни 3 бірдей медаль алды, – деді спорттық гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ерлан Ұзақов.

– Жалпы 20 медальдің 8-ін Алматы қаласы алды. Оның 2 "алтынын" алматылық спортшылар алды. Біреуі – таэквандодан Бакишева Рита, екіншісі – спорттық гимнастикадан Карими Милад. Енді алда Азия ойындары келе жатыр. Біздің мектебімізден 40-қа жуық спортшы Азия ойындарына қатысады. Сонымен қатар спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты бар, – деді Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Еркін Қазыбаев.

Айта кетейік, биыл XXXI Дүниежүзілік жазғы универсиада аспанасты елінде 28 шілдеде басталып, 8 тамызға дейін жалғасты. Жалпы командалық есепте отандастарымыз 20-орынға жайғасса, Қытай құрамасы 103 алтынмен көш бастады. Екінші орынды Жапония, үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары иеленді.

Аяулым Көлжігіт, Айдана Нұраш, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жазғы универсиада: Рита Бакишева елге оралды