Ұлттық спорт күні: елдің әр аймағынан жиналған сайыпқырандар Астанада бас қосты

21.03.2024 04:20

Ұлттық ойын аударыспақтан бастап садақ ату, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер ұсынылды

Almaty.tv

Ұлттық спорт күнін ұлықтаған думанды іс-шара елорда төрінде ұйымдастырылды. Қолына қыран қондырып, ат үстінде жамбы атқан сайыпқырандар «Арғымақ» ат-спорты кешенінде бас қосты. Еліміздің әр өңірінен келген шабандоз, құсбегілер мен құралайды көзге атқан мергендер көпшілікке өнерлерін паш етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төл спортымызды төрге оздырып дәріптеп жүргендердің дені бүгін осында жиналды. Сайыпқырандар елдің әр аймағынан мерекеге арнайы шақыртылған. Сала саңлақтарын алдымен Туризм және спорт министрі құттықтап, лебізін білдірді. Артынша алдағы ауқымды жұмыстардың бір парасын айтып өтті.

– Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткіземіз. Бұл бәйгенің көшпелі өркениетінің бірегей мұрасы ретіндегі қастерлі мәртебесін жоғары деңгейде айшықтайды. Оны абыроймен өткізу – басты міндет. Арқа төсіндегі дүбірге әлемнің 100-ден астам елінен 4000-ға жуық қатысушы мен ресми өкіл келмек, – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Қолына қыран қондырған құсбегілер, құралайды көзге атқан мергендер мен шыңдалған шабандоздар мереке көркін қыздырды. Алаңда әрбір спорт түрінен шеберлік сағаты көрсетілді. Ұлттық ойын аударыспақтан бастап садақ ату, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер ұсынылды. Қазақтың көкпаршы жігіттері өз алаңында мұхит асып келген америкалық әріптестерін қабылдап, жолдастық кездесу өткізді.

Арғымақ алаңындағы басты шараға ұлттық спортты дәріптеп жүрген спорттағы сайыпқырандар да шақыртылған. Соның бірі – астаналық 15 жастағы Ерасыл. Ол мұнда өзінің «Ұшқыр» атты қыранымен келіпті.

– Құсбегілікпен көзіміз ашылғалы айналысып келем. Қазір 15 жастамын. Бүркіт жарыстарға шығып жүр. Ата-бабамнан қалған спорт болған соң, әкеммен бірге жаңғыртып жүрміз. Дайындаудың өзінде ұстайтын адам болуы керек. Талай жарысқа шыққаннан кейін екінің бірі ұстай алмайды. Өзінің ережесі бар,  – деді құсбегі Ерасыл Серікбекұлы.

Ат жүгіртіп, құс салған сала ардагерлерінің бүгін мерейі тасыды. Ұзақ жылдар бойы ұлттық спортты дәріптеп келгендерге министрліктің арнайы марапаты берілді. Әрбіріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Қазіргі күні елде ұлттық спортпен шұғылданатындар саны 620 мың адамға жуықтаған. Олардың арасында 1 мың 488 сайыпқырандарды баптайтын бапкер бар.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлттық спорт күні: Алматының оқушылар арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті