Аталмыш шара биыл мегаполисте екінші рет өткізіліп отыр
«Urban Fest» – өнерлі жастардың тоғысқан алаңы. Екі күнге созылған жарыста еліміздің түрлі өңірінен келген спортшылар бағын сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ерекше форматта ұйымдастырылған фестиваль биыл мегаполисте екінші рет өткізіліп отыр. Іс-шарада қатысушылар спорттың бірнеше түрі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Олардың арасында стритболл, уоркаут, армреслинг, көше билері, самокат және скейтборд бар.
«Бізде бұл жерде Қазақстан бойынша мықты чемпиондар бар, тренерлер мен судьялардың бәрі мықты. Қарсыластар да өте мықты, әрқайсы өз саласында мықтырақ», – дейді қатысушы (Шымкент) Ермахан Әбілхан.
Екі күндік шараны тамашалауға 1 мыңнан астам тұрғын жиналды. Фестивальге отандық кино, спорт майталмандары мен қоғам белсенділері қолдау көрсетті.
«Карантин кезінде мұндай шараларды өткізу мүмкін болмап еді. Араға бірнеше уақыт салып жиналып отырмыз, қуаныштымыз, мұндай шаралар жастардың әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік береді», –деді қалалық Street Workout федерация филиалының басшысы Рамил Әбілизов.