Президенттік сынақ: Алматыда республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті

16.11.2021 21:23

Осымен 6-рет ұйымдастырылып жатқан шарада кіл мықтылар күш сынасады

Almaty.tv

Бүгін Алматыда спорт түрлерінен президенттік сынақ бойынша республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осымен алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан шарада еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналып, өзара бақ сынасады. Олардың арасында халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар да бар.  

Сапта тұрғанның бәрі – өз аймағында өткен іріктеулерден іркілмей, ақтық кезеңге жолдама алған үздіктер. Республикалық шараға еліміздің 14 өңірінен барлығы 200-ге жуық спортшы қатысуда. Олар жас айырмашылығы бойынша оқушылар мен жасөспірімдер және ересектер тобы болып сынға түседі.

«Қатысқаныма бірнеше жыл болды. Осындай жарыстар көбейсе екен дейміз. Өз басым осы жарысқа 2-рет келіп отырмын. Алдағы мақсатым Қазақстан чемпионаттарын ұтып, әлемдік дәрежелерге шығу», – деді жарысқа қатысушы Ақылбек Қабдолмәжит.

Жарыс командалық және жекелей біріншілік ретінде өтеді. Ал ұйымдастырушылар бүгінде бұқаралық спорт кеңінен дамып келе жатқанын айтады. Оған бірден-бір себеп осындай жарыстардың көптеп өтуі дейді мамандар.

«Бұл спорт түрі барлық спорттың баспалдағы саналады. Себебі мұнда бәрі бар. Бұл – нағыз бұқаралық спорт түрі», – деді Президенттік сынақ және көпсайыс федерациялар одағының вице-президенті Саят Нәдірбек.

Айта кетейік, аталмыш спартакиада 22 қарашаға дейін жалғасады.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы